Елімізде жұмыссыз қалған азаматқа берілетін әлеуметтік төлем мерзімін төрт айға дейін қысқарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Жетінші арна.
Телеарна тілшісінің хабарлауынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік сақтандыру жүйесін реформалайды. Себебі тексеріс кезінде жәрдемақыны молайту үшін табысын жасанды түрде көбейткендер анықталған.
Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – әлеуметтік сақтандыру жүйесін ашық әрі автоматтандырылған ету. Енді "Азаматтарға арналған үкімет" деңгейінде қатаң бақылау енгізіліп, қате немесе күмәнді төлемдер бірден кері қайтарылады. Атап айтқанда, табыс мөлшері шектен асса, төлем болашақ кезеңге жасалса, ЖСН қате болса немесе зейнет жасындағы азаматтар үшін аударым жүргізілсе, жүйе қабылдамайды. Сонымен қатар табысты тексеру күшейтіліп, қажет болған жағдайда қосымша құжат сұратылады. Ал банк шотында үш ай бойы қозғалыс болмаса, төлем уақытша тоқтатылады. Бұдан бөлек қате төленген қаражатты қайтару мерзімі 15 жұмыс күніне дейін қысқартылып, барлық қызметтер электронды форматқа көшіріледі.
"Біз жұмыссыз қалған азаматқа берілетін әлеуметтік төлем мерзімін қайта қарап, оны төрт айға дейін белгілеуді ұсынып отырмыз. Бұл – жүйенің тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін қажет қадам. Бүгінде елімізде 185 мыңнан астам адам осы төлемді алып отырса, соның басым бөлігі, яғни 115 мыңнан астамы көмекті 6 ай бойы алып отыр. Реформаның басты мақсаты – жәрдемақыға ғана иек артпай, қысқа мерзім ішінде қайта жұмысқа тұруына жағдай жасау", — дейді Әлеуметтік сақтандыру департаменті басқармасының бас сарапшысы Рауан Балуанбеков.
Қазіргі таңда құжат мемлекеттік орган тарабынан мақұлданған. Ашық талқылау мерзімі 20 сәуірде аяқталған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз