Өскеменде полиция қызметкерлері Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова отырған Lexus көлігін тоқтатты. Жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Telegram-дағы Halyqstan арнасының хабарлауынша, Мақпал Жүнісова бұл оқиға туралы Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.

"Өскемен полициясының жігіттері, рақмет. Міне, тұрмыз, қозғала алмай. Айыппұл", — дейді әнші видеода.

Мақпал Жүнісова көліктен шығып, полицейлерге сәлем бергенін, алайда олар жүргізушіні жібермегенін айтқан.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне 3 мамырда Өскемен қаласының Бажов көшесінде полиция қызметкерлері Lexus LX570 көлігін тоқтатқанын мәлім етті.

"Тексеріс барысында көліктің алдыңғы бүйір терезелері күңгірттелгені анықталды. Жүргізуші көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды", — деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті жүргізушілерді Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз