Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комада жатқан азаматтар үшін мүгедектікті рәсімдеу тәртібін едәуір жеңілдетуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдерін қайта қарап жатыр.

Осы мақсатта ведомство медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу және мемлекеттік төлемдерді тағайындау қағидаларына қатысты өзгерістер әзірлеген.

Ұсынылып отырған түзетулер комада жатқан азаматтарға қатысты құжаттарды рәсімдеу тәртібін едәуір жеңілдетуді көздейді.

"Енгізілетін өзгерістердің басты мақсаты – әкімшілік кедергілерді жою және азаматтардың мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қолдау шараларына кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Бұған дейін мұндай жағдайларда құжат рәсімдеу процесі азаматтар үшін біраз қиындық туғызатын.

Енді жаңа тәртіпке сәйкес, медициналық-әлеуметтік сараптамаға өтініш беру құқығы науқастың жақын туыстарына немесе жұбайына заң жүзінде бекітіледі", — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, бұл тәсіл бірқатар маңызды мәселені жедел шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, комада жатқан азаматқа мүгедектік мәртебесін уақытылы белгілеу және мемлекеттік жәрдемақыны дер кезінде тағайындау жеңілдейді.

Сонымен қатар ұсынылып отырған нормалар төлемдерді рәсімдеу үдерісін барынша ашық әрі қолжетімді етіп, аталған санаттағы азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта бұйрық жобассы "Ашық НҚА" порталында қоғам талқылауына шығарылған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз