Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы бірінші дивизионның А тобында бүгін екінші ойынын Жапонияға қарсы өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер жинақы қимыл көрсетті. Дегенмен бірінші кезеңде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде отандастарымыз жапониялық қақпашыны үш мәрте қапы қалдырды. Үшінші кезеңде де қазақстандық хоккейшілер тағы үш мәрте көзге түсті.
Қазақстан — Жапония 6:0 (0:0, 3:0, 3:0)
1:0 — Қайыржан (Гатиятов, Өмірбеков) — 22:11
2:0 — Шайхмедденов (Гатиятов) — 27:56
3:0 — Бреус (Гатиятов, Әсетов) — 33:13
4:0 — Әсетов (Данияр, Шестаков) — 53:40 ГБ
5:0 — Старченко (Мұратов, Шестаков) — 55:50
6:0 — Ляпунов (Өмірбеков, Қайыржан) — 56:26
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 6:0 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, екі құрама қазірге дейін 12 мәрте кездесіп, барлығында отандастарымыз жеңіске жетті.
Енді Қазақстан құрамасы алда үш ойын өткізеді. Алдымен 5 мамырда Қазақстан уақытымен 22:30-да Польшамен кездессе, 7 мамырда 19:00-да Украина, 8 мамырда 15:30-да Франциямен шеберлік байқасады.