Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында бір үйдің 3 баласы бір әскери бөлімде отан алдындағы борышын өтеп жүр. Солтүстік Қазақстан облысындағы Тоқыш ауылының тұрғындары Алексей және оның егіз інілері Владимир мен Геннадий бұл ортақ шешім екенін айтады, деп жазады "Қазақстан" ұлттық телеарнасы.
Әскерге бару — ағайынды үш жігіттің ортақ шешімдері. Алдымен егіздерге шақырту келген. Алексей егіз інілерін қолдап, әскерге бірге барған. Қазір үш ағайынды бір бөлімде, бірге сапқа тұрады. Жалпы, Жирновтар отбасында алты бала бар.
"Әскерде бірге, туған бауырлар болып қызмет ету, әрине, бұл — бақыт. Біз бала күнімізден үшеуіміз бірге жүреміз. Мектеп, колледжде де үшеуіміз бірге оқыдық. Асханаға да барсақ бірге барамыз. Әр сәтте бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жанымыздан табыламыз. Себебі біз туған бауырлармыз", — дейді Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Геннадий Жирнов.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз