«Қазгидромет» синоптиктері елорда мен Көкшетау қаласында ауа сапасының нашарлайтыны туралы ресми ескерту жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.


Бүгін, 3 мамырда елордада таңертеңнен бері желсіз ауа райы сақталып тұр. Соның салдарынан қала үстін қою түтін мен жеңіл тұман басып, атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналып қалуы байқалады. Сондай-ақ ауада пластик жанғанға ұқсас өткір иіс сезіледі.

Мұндай қолайсыз метеорологиялық жағдайда мамандар тұрғындарға келесі сақтық шараларын сақтауды ұсынады:

  • Далада серуендеу уақытын барынша қысқарту;
  • Пәтерлер мен кеңселердегі терезелерді ашпау, желдетуді тек ауа тазарған кезде жүргізу;
  • Өкпе, жүрек-қантамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру.

Синоптиктердің мәліметінше, дәл осындай жағдай Көкшетау қаласында да қалыптасып отыр. Мамандар желсіз ауа райы кезінде зиянды заттардың таралуы баяулайтынын, сондықтан сақтық шараларын елеусіз қалдырмау керектігін ескертеді.

Еске сала кетейік, бүгін синоптиктер ел аумағында қолайсыз ауа райы болатынын ескертті.