Эрик Трамп пен Дональд Трамп кіші Қазақстандағы вольфрам өндіру жобасына қатысатын компанияның үлесін сатып алды. Бұл туралы Financial Times хабарлады.
Басылым мәліметінше, олар 2025 жылдың тамызында Skyline Builders құрылыс компаниясына инвестиция салған. Кейін бұл компания бірқатар келісімдер арқылы вольфрам өндірісімен айналысатын құрылымдармен бірігіп, ірі тау-кен жобасының құрамына енген.
Жоба бұған дейін АҚШ-тың мемлекеттік даму институттарынан 1,6 млрд долларға дейін қаржылай қолдау алған. Бұл қаражат стратегиялық маңызды минералдар жеткізілімін кеңейтуге бағытталған.
Мәміленің нақты құны жарияланбаған. Сонымен қатар Ақ үй бұл келісімге қатысты ресми түсініктеме бермеді.
Айта кетейік, 2025 жылғы қарашада өткен «Орталық Азия – АҚШ» саммиті аясында Қазақстан мен АҚШ арасында 17 млрд доллардан астам сомаға коммерциялық келісімдер жасалған.