Алматы соты әйелімен жанжалдасты делінген Рахат Тұрлыхановтың ісі бойынша материалдарды прокурор мен сотқа дейінгі тергеу органына жолдады, деп хабарлайды Алматы соттарына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі бойынша (отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер) Т.-ға қатысты іс қаралды.

"Хаттамаға сәйкес, Т. үйінде бола тұрып жұбайымен жанжал шығарып, жанжал барысында оны қорлап, қорқытып, айқайлап, үйдегі тыныштықты бұзған", — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, сот қаулысымен іс материалдары Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 742-бабына сәйкес, жәбірленушінің құқық қорғау органдарына жүгінген кезде дене жарақатын келтіру туралы бастапқы арызын ескере отырып, қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін прокурорға және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жолданған.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бүгін желіде әнші Рахат Тұрлыхановтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұған қатысты Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме беріп, ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлады.

"Алматы қаласы Медеу ауданында түскен қоңырау бойынша полиция қызметкерлері отбасылық жанжалға қатысы бар тұлғаларды аудандық полиция бөліміне жеткізді.

Тексеру барысында әйел бастапқыда өзіне қарсы физикалық күш қолданылғанын, бірақ кейіннен соққы жасалғанын жоққа шығарып, отбасылық жанжалға қатысты шағым түсірді", — деп мәлімдеді департамент өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз