Air Astana әуекомпаниясының өкілдері Air Astana және FlyArystan рейстерінің кешігуіне, жүктің жоғалуына және бортты ауыстыруға қатысты жолаушылардың шағымдары бойынша түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Air Astana өкілдері операциялық қызметтегі өзгерістер мен жолаушылар құқықтарына қатысты мәлімдеме жасады.

Әуе кемесін ауыстыру

"Рейс статусы өзгерсе, әуе компаниясы жолаушыларды олардың құқықтары туралы ресми байланыс арналары арқылы, сонымен бірге тасымал шарттары егжей-тегжейлі көрсетілген ресми сайттар арқылы хабардар етеді. Рейс әуекомпания кесірінен кешіктірілсе, жолаушыларға заңнамада көрсетілген мерзімге сай сусын, тамақ беріледі, қажет болса қонақүйге орналастырылады.

Әуе кемесінің түрі өзгертілгенде ұшу кестесін немесе ұшатын уақытты ауыстыру тасымалдау қағидаларында көзделген және операциялық қызметтің ажырамас бөлігі болып саналады. Жолаушыларға өзгеріс туралы барлық ақпарат алдын ала жіберіледі", — делінген хабарламада.

Рейстердің кешігуі

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылы әуекомпаниялардың уақытылы ұшу көрсеткіші орта есеппен шамамен 80 пайыз болды, бұл – әлем бойынша орташа деңгей. Рейстердің кешігуіне көбіне күннің бұзылуы, техникалық себептер, әуежайлар мен әуе кеңістігіндегі шектеулер, сондай-ақ ұшақтардың кеш келуіне байланысты туындайтын ротациялық кідірістер әсер етеді. Әуекомпаниялар қызметінде қауіпсіздік аса маңызды. Осыған байланысты барлық талап қатаң сақталып, кей жағдайларда ұшақтар ұшқан әуежайға кері қайтарылуы да мүмкін.

"Түйісетін (транзиттік) рейстерге билет сатып алған кезде әуекомпаниялар билеттерді бір бланкіде рәсімдеуге кеңес береді. Мұндай жағдайда тасымал қағидаларына сәйкес, жолаушыны межелі жеріне жеткізу жауапкершілігі тасымалдаушыға жүктеледі. Егер билеттер бөлек бланкілерде рәсімделсе, тасымалдаушы тек рейстің кешіккеніне қатысты ғана заңнама аясында жауапты болады", — делінген хабарламада.

Жүк немесе қол жүгінің жоғалуы

Жүк немесе қол жүгі жоғалса, бүлінсе немесе кешіктірілсе және ол әуекомпанияның немесе оның қызметкерлерінің кінәсінен болса, тасымалдаушы өтемақы төлейді.

"Тасымалдаушының кінәсі дәлелденбесе, жолаушының жеке бақылауындағы қол жүгі жолаушының өз жауапкершілігінде болады. Құнды заттарды жүкпен бірге тасымалдау қажет болса, олар алдын ала декларацияланып, сақтандырылуға тиіс. Сол себепті әуекомпаниялар ақша, зергерлік бұйымдар және басқа да бағалы заттарды тіркелген жүкке салмауға кеңес береді", — делінген әуекомпания жазбасында.

Air Astana тобы ақшалай қайтарымдар мен өтемақы төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасы мен тасымал шартына сәйкес жүзеге асырады. Билетті алғанда қандай тәсілмен төлесеңіз, ақысы сол тәсілмен қайтарылады

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз