Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының елімізді ірі транзит хабына айналдыру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жол инфрақұрылымындағы өзгерістер
2025 жылы елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымда – 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа жолдардың ұзындығы – 1,9 мың шақырым. Жобалардың қатарында Орталық – Батыс автомагистралы, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын және Атырау – Доссор сияқты маңызды күрежолдар бар.
Әуе кеңістігі мен жаңа рейстер
Авиация саласында Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай салынып жатыр, ал Арқалық әуежайы қалпына келтірілуде. Сонымен қатар:
- Әуе арқылы жүк тасымалдайтын алғашқы ұлттық компания құрылады.
- 2025 жылы нарыққа жаңа авиакомпаниялар келді.
- Шанхай, Гуанчжоу және Мюнхенге тұңғыш рет тікелей рейстер ашылып, жалпы 35-тен астам жаңа бағдар іске қосылды.
Теміржол желілерін кеңейту
Қазіргі уақытта Қызылжар – Мойынты (екінші жол), Алматы айналма жолы, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз теміржол желілерінің құрылысы жалғасуда. Бұған қоса, республика бойынша 124 вокзал жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтіп жатыр.