Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram желісіндегі арнасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл атқарған жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Руслан Желдібайдың сөзінше, биыл мемлекет басшысының сыртқы және ішкі саясат бағытындағы қызметі өте қауырт әрі жемісті өтті.

"2025 жыл елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруларға толы болды. Ең бастысы, халықтың тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер болды. Жаңа өндіріс орындары ашылып, қамба астыққа толды. Тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар салынып, көлік жолдары жаңартылды", — дейді ол жазбасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл еліміздің 9 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 50-ден астам өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени нысанды аралап көрді.

Сондай-ақ Президент 16 облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің есебін тыңдады.

Одан бөлек Руслан Желдібай келер жылға құрылып отырған жоспар туралы айтты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтіледі. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

️Қазақстан тарихында тұңғыш рет ішкі жалпы өнім көлемі 300 млрд доллардан асады. Ол жан басына шаққанда 15 мың доллардан келеді.

️Елімізде жалпы құны 1478,1 млрд теңгені құрайтын 185 жоба пайдалануға берілді. 22,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

️Жобалардың барлығы толық қуатына көшкен кезде экономикаға айтарлықтай серпін береді. Өндіріс көлемі 2,3 трлн теңгеге жуықтайды.

2025 жылы Президент Достық – Мойынты темір жолының екінші желісін, Қостанай облысындағы автокөлік зауытын іске қосты.

️Сонымен қатар мемлекет басшысы Шымкент және Қызылорда әуежайының жаңа терминалдарын аралап көріп, Астанадағы зауыт шығарған алғашқы жолаушылар вагонымен танысты.

️Бұдан бөлек қара және түсті металлургия, химия, целлюлоза-қағаз, жеңіл және тағам өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында бірқатар жоба іске қосылды.

️"Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін кеңейтіп, елімізді Еуразиядағы ірі транзит хабына айналдыруға жіті мән береді. 2025 жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа жолдардың ұзындығы – 1,9 мың шақырым", — делінген Руслан Желдібайдың жазбасында.

Стратегиялық тұрғыдан маңызды күрежолдар қатарында Орталық – Батыс автомагистралы, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор учаскелері бар.

️Мемлекет басшысының тапсырмасымен Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай құрылысы басталды. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

Президент әуе арқылы жүк тасымалдайтын алғашқы ұлттық компанияны құру бастамасын қолдады. Бұл еліміздің көлік әлеуетін дұрыс пайдаланып, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

️2025 жылы ел нарығына бірқатар жаңа авиакомпания кірді. Бұдан бөлек 35-тен астам жаңа бағдар, соның ішінде тұңғыш рет Шанхай, Гуанчжоу мен Мюнхенге тікелей рейстер ашылды.

️Қызылжар – Мойынты екінші жолының, Алматы маңындағы айналма жолдың, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатыр.

️Ел аумағындағы 124 вокзалға күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға қатысты Руслан Желдібай президенттің биылғы Жолдауда Қазақстанды алдағы үш жылдың ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойғанын еске салып өтті.

"Еліміздің цифрлық экожүйесін қалыптастыру аясында Президент тапсырмасымен қыруар шаруа атқарылды. "Жасанды интеллект туралы" Заңның қабылдануы – аталған саладағы жаңалықтың бірі. Осылайша, Қазақстан ЖИ саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге заң жүзінде негіз қалаған әлемдегі алғашқы елдердің қатарына енді", — делінген жазбада.

Аталған саладағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мақсатында:

  • Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды;
  • Астанада Аlemcloud ұлттық суперкомпьютерін ресми түрде іске қосты ;
  • елімізде ЖИ саласындағы арнаулы зерттеу университетін құру ұсынылды;
  • Астанада Alemai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды;
  • Студенттерге арналған AI-Sana бағдарламасы басталды. Сол арқылы қазірдің өзінде 440 мыңнан астам студент ЖИ саласын меңгерді.
  • Жасанды интеллект саласындағы алғашқы қазақстандық "сыңармүйіз" стартап – Higgsfield AI пайда болды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз