Солтүстік өңірлерде бұрқасын мен көктайғақ күтіледі.
Синоптиктердің мәліметінше, 30 желтоқсанда Қазақстанның басым бөлігі солтүстік-батыс циклонының ықпалында болады. Соған байланысты ел аумағында жаңбыр мен қар жауып, солтүстік-батыс өңірлерде қалың қар түсуі мүмкін.
Бірқатар облыстарда бұрқасын, көктайғақ және тұман күтіледі. Желдің күшеюі байқалып, кей өңірлерде екпіні 20–30 м/с-ке дейін жетеді.
Абай, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. Ал Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, бұрқасын соғады.
Оқи отырыңыз: 2030 жылға дейін Қазақстанда 1000-ға жуық жолаушылар вагоны жаңартылады
Оңтүстік өңірлерде, оның ішінде Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында жаңбыр жауып, таулы аймақтарда жауын-шашын күшейеді. Батыс аймақтарда қар мен көктайғақ болады.
Астанада жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі, көктайғақ күтіледі. Алматыда жауын-шашынсыз, ауа температурасы күндіз +7…+9 градус болады. Шымкентте кей уақытта жаңбыр жауып, ауа +11…+13 градусқа дейін жылынады.