Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ басшысы Дональд Трамппен бейбітшілік жоспары бойынша келіссөздер жүргізу үшін Флоридаға барды. Жабық форматта өткен келіссөз шамамен екі сағатқа созылған. Келіссөз барысында Еуропалық лидерлер және Владимир Путинмен бір мезгілде байланыс орнатылған, деп жазады Egemen.kz.
Маңызды кездесуден кейін Владимир Зеленский мен Дональд Трамп баспасөз жиынын өткізіп, келіссөз барысында Донбасс мәселесі шешімін таппағанын мәлімдеді. Десе де Ақ үй басшысы оң нәтижеге жетуге жақындай түскенін айтты.
«Бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Бірақ біз шешімге келуге әлдеқайда жақындай түстік. Бұл өте күрделі мәселе. Дегенмен мен оны шешетінімізге сенімдімін», деді Трамп.
Трамптың сөзінше, мәселеге нүкте қою үшін 1–2 ғана сұрақтың шешімін табу керек. Сондай-ақ ол Ресей–Украина арасындағы соғысты тоқтауға мүмкіндік берсе, Украинаға баруға да әзір екенін атап өтті.
Ал Зеленский аталған келіссөз аясында көтерілген мәселенің 90%-ы шешімін тауып, қауіпсіздік кепілдігі жөніндегі сұрақ толық шешімін тапқанын жеткізді. Еуропа әлі де Украина қауіпсіздігінің басым жүгін өз жауапкершілігіне алып отырғанын айта кеткен жөн.
Украинаға қандай қауіпсіздік кепілдігі берілуі мүмкін?
Украина перзиденті келісімнің кей тармақтары бойынша референдум өткізуге қарсы емес екеніне назар аударды.
Трамп бейбіт келісімге келу процесі созылған сайын Украина бұдан да көп аумақтан айырылуы мүмкін екенін де ескертті.
«Украинаның қазір мәміле жасаған дұрыс, әйтпесе олар көбірек аумағы мен адамдарынан айырылады», деді Трамп.
Келіссөз барысында АҚШ тарапынан Рубио, Хегсет, Виткофф, Кушнер және генерал Кейн Украина бойынша жұмыс тобына қосылған. Олар бейбіт келісімге келу мақсатында Ресеймен жұмыс істейтін болады.
Баспасөз барысында Трамп келіссөзге дейін Ресей президенті В.Путинмен бір сағаттан астам телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. Ақ үй басшысы әңгімелесу барысында Ресей басшысы Украинаны қалпына келтіруге көмектесетінін айтқанын мәлімдеп, Путиннің бұл қадамын «жомарт қадам» деп бағалады.
Бұған дейін АҚШ өкілдері Ресейге барып, Кремльде 5 сағатқа жуық бейбітшілік жоспарын талқылаған еді.
Ал Зеленский елде сайлау өткізуге дайын екендігін мәлімдеген болатын.