Бүгіннен бастап «Сақ стилі» дизайнымен жаңа 500 теңгелік банкноттар айналымға шығарылды. Ұлттық банк мәліметінше, банкнотта көшпенділер мәдениетінен бүгінгі Қазақстанның бірегей мұрасын қамтитын дәстүрлі ою-өрнектің түп тамыры саналатын «Сақ стилі» элементтері бедерленген, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа 500 теңгелік банкнот 2026 жылдың екінші тоқсанында шыға бастайды. Оған дейін Ұлттық банк ақшаны еліміздің барлық өңіріне жеткізіп, банкомат, терминал және басқа кассалық техникаларды бейімдейді.
Ал қазіргі айналымдағы 500 теңгелік ақша жаңасымен екі жыл бойы ауыстырылады. Яғни, ескі үлгідегі барлық банкнот екі жыл ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Осы кезеңде халықтың екінші деңгейдегі банктерге немесе Қазақстан Ұлттық банкі филиалдарына барып, ескі үлгідегі банкноттарды жаңа банкноттарға айырбастауына ешқандай қажеттілік жоқ.
Сондай-ақ осы уақыт аралығында екі үлгідегі ақшаны да қатар қолдануға болады. Қос банкнот та заңды төлем құралы болып есептеледі.
Айта кетейік, аталған 500 теңгелік ақша «Сақ стилі» сериясымен шыққан бесінші банкнот болып отыр.