Қазақстан Президенті ерекше күтімді қажет ететін балалар мәселесіне ерекше мән берілетінін атап өтті.
"Кеше мен Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында болдым. Мұндай орталықтарды еліміздің барлық өңірінде салу қажет", – деді Мемлекет басшысы.
Ол Үкіметке әкімдермен бірлесіп мәселені жан-жақты пысықтап, шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
"Бұл орталықтардың тек елордада ғана болуы дұрыс емес, әрбір облыста салу керек. Бұл әкімдердің жұмысындағы олқылық деп айтуға болады", – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлеуметтік міндеттемелерге назар аударды. Биыл зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 5,9 триллион теңге бөлінгенін, ал келесі жылы бұл көрсеткіштің тағы 10 пайызға өсетінін жеткізді.