Астананың барлық ауданында 30-дан астам локация жасақталды.

Онда сырғанақ, мұз айдындары және арнайы фотоаймақтар құрылған. Осылайша әкімдік, елорданы Жаңа жылға қарсы мерекелік кейіпке енгізуді жолға қойды.

Серік Әбеннің қала тұрғыны атанғанына 8 жылдан асты. Осы уақыт ішінде Астанаға үйренісіп, тұрақтаған. Ол жаңа жылды «отбасылық мейрам» деп санайды. Сондықтан мереке қарсаңында балаларын алып, орталық алаңға келгенді құп көреді.

Серік Әбен, қала тұрғыны:

- Мен осы 8 жыл болды Сарыарқа ауданында тұрып жатқаныма. Осы бір жерге үш жыл болды жыл сайын келеміз отбасымызбен. Бүгін бірінші күн. Балаларды мектептен, садиктен алып әдейілеп, бүгін күн жылы. Осында әкелейін деп, ертерек алып кеттім. Жаңа жыл жақсы сезіліп тұр. Безендірулері әдемі. Жаңа жылда әке-шешем келеді, ол кісілер ауылда. 28-іне билет алып қойдым, 29-ы келеді. Немерелерімен үйде жаңа жылды қарсы аламыз.

Қала тұрғындары мен қонақтарының қысқы демалысын қызықты әрі денсаулыққа пайдалы ету үшін әкімдік тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілген. Мұздан жасалған сырғанақ, мұз айдындары, арнайы фото-аймақтар мен көшелердің бойындағы шағын декорациялар азаматтарға мерекелік көңіл күй сыйлап тұр. Ал мынадай 25 метрлік шыршалар қаладағы 6 ауданның да көркін қыздырып тұрғандай.

БЛИЦ

- Маған өте ұнайды қаланың безендіруі. Освещение күшті, әр жыл акимат әдемі освещение, шырша істейді. маған өте ұнайды. Жаңа жылда мен бәріне денсаулық тілеймін, тату-тәтті болуды, отбасыда бәрі аман болсын.

- Менің балаларым Астанада тұрады. Оларды Жаңа жыл қарсаңында құттықтауға арнайы Петропавлдан келдім. Биыл мерекені бас қалада қарсы алғым келді. Немерелерімнің де жанымда болғанын қаладым. Қазір оң жағалауда серуендеп жүрміз. Бұл шаһардың сәулеті мен безендіруіне өте ризамын.

Біз жыл сайын мереке қарсаңында отбасымызбен серуендегенді жақсы көреміз. Балаларымызды алып, осындай сырғанаққа әкеліп ойнатамыз. Мұндағы арнайы фото-аймақтарда естелікке суретке түсуге болады. Ал енді жаңа жылдан үмітіміз көп. Өміріміз осы көшедегідей жарық, әдемі әрі бақытқа толы болсын деп тілеймін.

Қала көшелерінде серуендеуге шыққан бүлдіршіндердің Жаңа жылға дайындығы айырықша байқалады. Балалар ән мен биден шашу шашып, мерекелік атмосферна қалыптастырып жүр.

Жаңа жылың мол болсын,

Басқан қадам оң болсын.

Түрлі-түрлі жаңа жыл

Бізге құтты жыл болсын!

Аппақ тонға оралып,

Базарлықты мол алып.

Келді алыс сапардан

Аяз ата оңалып.

Жалпы Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл, Алматы, Сарайшық және Нұра аудандарын қоса алғанда 60-қа жуық сырғанақ пен мұз айдыны іске қосылды. Қала маңындағы Өндіріс, Теміржолшылар және Күйгенжар тұрғын алаптары да дәстүрге сай безендірілген.

Альмира Оразбай, Марат Диханбаев