Жамбыл облысындағы химия өнеркәсіптерінде 10 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олардың қатарында 40 жыл еңбек еткен қызметкерлер мен жас мамандар да жетерлік. Салаға қажет мамандар сырттан емес, аймақтағы колледждер мен университеттерде дайындалады.

Айдар Ахметов Тараздағы химия зауытына 40 жылдан астам ғұмырын арнаған. Ол 17 жасында құрылғыларды жөндеу цехына қабылданып, бір орында табан аудармай еңбек етіп жүр.

Айдар Ахметов, жөндеу цехының ағаш ұстасы:

- Өз еңбегімді мен жақсы көріп, сүйіп жұмыс істедім. Сол үшін бұл еңбегімді тастаған жоқпын. 41 жыл болды жұмыс істеп жүрміз. Жастарға айтарым: еңбектен қашпаңыздар. Зауыт өте жақсы, уақытында айлығын беріп тұрады. Киімімен, тамағымен қамтамасыз етеді.

Химия зауытындағы цехтарда үш мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың арасында 20-дан аса әулет бар. Шахноза Маралбаеваның ата-анасы осы өндірісте танысқан. Олардың жалпы еңбек өтілі – 96 жыл.

Шахноза Маралбаева, жедел жәрдем пунктінің меңгерушісі:

- Менің әкем зауытқа жарты өмірін арнады. Сосын өндіріске қаншама күш салды. Мамам да істеп жатыр. Зауыт біз үшін тек жұмыс емес, отбасы сияқты.

Аймақта жыл санып жұмысшы мамандарына сұраныс артып келеді. Биылдың өзінде колледждерге 4,5 мың грант бөлінді. Білікті кадр даярлайтын алты кешен ашылды.

Алтынай Жайлышева, Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Жаңатас көпсалалы колледжінде Auto hub, Құлан агротехникалық колледжінде Агро hub ашылды. 9-Меркі колледжінде ІТ hub. Бүгінгі күні бұлар заманауи тұрғыда жұмысшы мамандығында оқитын студенттерімізді нағыз еңбек адамы қылып, соның ішінде заманауи үлгідегі құрал жабдықтармен жұмыс істей алатындай, кәсіпорынға дайын жұмыскер ретінде баруға дайын.

Аймақтағы колледждер мен университеттер Қытайдың жетекші колледждерімен жасанды интелект саласында бірлескен зертхана ашуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Елдар Байділдә