Қаржы министрі Мәди Такиев үкімет отырысында микро және шағын бизнесті қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Министр жаңа Салық кодексінде қолдау көрсетудің маңызды тетігі қарастырылып отырғанын атап өтті.

Ол бойынша 1,5 мың АЕК-ке дейін (шамамен 6,5 млн теңге) борышы бар салық төлеушілер үшін мүлкін кепілге қоймай-ақ және банктің кепілдігінсіз берешегін 1 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі қолжетімді болады.

"Бұл бюрократияның азаятынын білдіреді, кепілді бағалау мен сақтандырудың қажеті жоғалады, бөліп төлеуді рәсімдеу мерзімі қысқарады. Бір деңгейдегі мониторингке қатысушылар үшін бөліп төлеу 12 айға дейінгі мерзімге кепілсіз және кепілдіксіз беріледі", — деді Мәди Такиев.

Сондай-ақ ол өндіріс субъектілері үшін өнім өндіруге арналған тауарлардың импортына ҚҚС төлеуді бір жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылғанын айтты.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз