2022-2024 жылдары бұл міндет 42 пайызға артығымен орындалып, 37 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Сыр өңірінде халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Экономиканың барлық саласында 2022–2024 жылдар аралығында 80 742 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылса, 2025 жылдың 11 айында тағы 27 964 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Облыс әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының "10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру" жөніндегі тапсырмасы өңірде табысты жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2022-2024 жылдары бұл міндет 42 пайызға артығымен орындалып, 37 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Ал 2025 жылы 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жоспар 12,9 пайызға артық орындалды.
Сондай-ақ, 2023-2025 жылдары "Ауыл аманаты" жобасы аясында 100-ден астам елді мекенде жалпы құны 6 млрд 828 млн теңгені құрайтын 943 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 1 303 жаңа жұмыс орны ашылды.
Оқи отырыңыз: Сыр өңіріндегі егіс алқаптары әртараптандырылып жатыр
Өңірде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі де жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, 2022 және 2023 жылдары бұл көрсеткіш 4,9 пайызды құраса, 2024 жылы 4,8 пайызға, ал 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысымен 4,6 пайызға дейін төмендеді.
Аймақта халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.