Астанада 21 желтоқсанға қараған түні ауа температурасы күрт төмендеп, -25-27 градус аяз болады деп болжанып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құтқарушылар елорда тұрғындарына қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде ескерту жасады.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қолайсыз ауа райы жағдайында тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, дауылды ескертулерді назарда ұстауға және мүмкіндігінше алыс жолға шықпауға шақырады.
Дауылды ескертулер, ауа райының нашарлауы, сондай-ақ қала аумағындағы автожолдардың жабылуы туралы ақпаратты СМС-хабарламалар, интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы қадағалау ұсынылады.
Сонымен қатар құтқарушылар қыс мезгілінде мұздың әлі толық қатпағанын ескертіп, тұрғындарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі талаптарын да қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.