Биыл жазда "бірнеше сағат бойы азаптан кейін көз жұмды" делінген жас келіншек Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс Жетісу облыстық сотында қаралып жатыр. Бүгінгі сот отырысына танымал сот-медицина сарапшысы Тахир Хәлімназаров қатысып, өлімге себеп болған жарақаттар туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналист Назымгүл Күміспаева Instagram желісіндегі парақшасында сот-медициналық сарапшы Тахир Хәлімназаровтың сот процесінде жауап берген сәтінен видео жариялады.

Онда Тахир Хәлімназаров Айзат Жұманованың өліміне басты себеп бас-ми жарақаты екенін растады.

Сарапшы сотта берген жауабында марқұмның эксгумация жасалған денесіне қайта сараптама жүргізілгенін айтты.

"Марқұмның денесін қазып алып, бізге, Алматыдағы сот-медициналық орталығына әкелді. Сарапшылар комиссиясы зерттеді. Оның құрамында үш сот-медицина сарапшысы, тағы бір медициналық криминалист болды. Денені қайтадан тексеріп, зерттедік. Мүмкіндігінше барлық жарақатты қарап, бірінші сараптама қорытындысы бойынша жарақаттарды тексеріп шықтық. Оған қосымша тағы бір жарақат табылды. Қосымша зертханалық зерттеу жасадық", — деді сарапшы.

Сараптама жүргізу барысында Айзаттың көзі тірі кезінде және бойынан жан кеткен соң алған жарақаттары туралы белгілі болған.

Оның сөзінше, әйел басынан, бетінен, бас сүйегінің төменгі бөлігінен жарақат алған.

"Жарақаттың көбі адамның тірі кезінде алынған, ал аяғында, қолында сүйреген із бар, ол өлгеннен кейін түскен жарақат деп көрсеттік. Өйткені оларда тірі кезде алынған жарақат белгілері – қанталауға ұқсас өзгерістер жоқ. Сол үшін біз оларды кеудесінен жаны кеткеннен кейін түскен жарақат деп есептейміз", — деді сот-медициналық сарапшы.

Сарапшының сөзіне сүйенсек, соққы доғал затпен жасалған және оның салмағы ауыр, көлемі адамның басынан үлкен болған.

Сараптама қорытындысы бойынша өлімнің басты себебі айтылды.

"Оның себебі – бас-ми жарақаты деп танылды. Бірінші рет жасалған сараптамада оның бәрі зерттеліп, жазылған. Біз дене эксгумация жасалғаннан кейін сараптама жүргіздік қой, ондай кезде дене табиғи түрде шіри бастайтындықтан, бірінші сараптама қорытындысын қарап, тексеріп, онымен келістік. Өлімнің себебі ауыр бас-ми жарақаты деп саналады", — деді Тахир Хәлімназаров.

Еске сала кетейік, биыл шілдеде желіде "Жетісу облысы Ақсу ауданында жас әйел бірнеше сағат бойы азаптаудан кейін өлді" деген ақпарат тарады. Қайғылы жағдайға қатысты облыстық полиция департаменті өкілдері түсінік беріп, істің тергеліп жатқанын мәлім еткен болатын.

Бұған дейін атышулы іс бойынша марқұмның анасынан сотта жауап алынды. Сот процесі жалғасуда.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз