Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін үйлестіруге осы күнге дейін жүйелі қадамдар жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі де бірнеше маңызды шешім қабылдады. Осындай өзгерістерге қарамастан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылығына маман тұрақтамай жатқаны салада кемшіліктер барын ұқтырса керек, деп жазады Egemen.kz.


Астана қаласы әкімдігі №3 көпбейінді қалалық ауруханасының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұлдыз Данбаевадан МӘМС-тің медициналық ұйымдарды қаржыландыру қағидаты туралы сұрадық. Себебі осы күнге дейін көрсетіп отырған медициналық қызметтің ақысын мерзімінен кеш аламыз дейтін медициналық ұйымдардың барын білеміз.

«Біз МӘМС-ке аз ақша төлеп, медициналық көмектің сапасы шетелдегідей болғанын қалаймыз. Бізде расымен қызмет көрсету сапасында кемшіліктер бар шығар, бірақ, негізгі емшараны, медициналық көмекті халық алып отыр. Оның ішіне операцияларды қосыңыз. Сосын қазір КТ, МРТ аппараттары қолжетімді. Бұрын бір қалада бір ғана МРТ, КТ болатын. Оған екінің-бірі бара бермейтін. КТ – сәулелік диагностика болған соң, оған жиі түсе беруге болмайды. Мұны халық түсіне бермейді. Өзіне-өзі диагноз қойып алатын пациенттер жергілікті емханаға барып, дәрігерден бірден КТ талап етеді.

Мысалы, кеуде қуысындағы ауруды анықтау үшін дәрігер алдымен рентген жасайды, жіті қарайды. Науқастың ахуалын сол тексеруден-ақ көріп-біледі. Егер қандай да бір асқынған ауруларға күдік болса, дәрігер өзі сәулелік диагностика тағайындайды. Жұмыстың тәртібі солай.

Иә, медициналық қызметтің ақысын мерзімінен кеш алып жүргеніміз рас. Төлем алдын ала жасалмайды. Бұл біздің ғана мәселеміз емес, бүкіл республикадағы жағдай осындай», деді сауалымызға жауап берген Ж.Данбаева.