Әйелдер күресінен әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері Жәмила Бақбергенова көлігін сатылымға шығарды. Құны қымбат оңтүстіккореялық көліктің жағдайы туралы спортшы желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Өзімнің көлігімді сатқым келеді. Көліктен қашпаймын. Алайда шұғыл түрде ақша керек. Көліктің жағдайы өте жақсы. Диллерден сатып алдым. Иесі әйел адам. Қыстық-жаздық дөңгелектері бірге беріледі. Құны — 22 млн теңге», — деп жазды балуан.

Осылай жарнама жасаған спортшы нөмірін жариялап, орынсыз хабарласатындарға алдын ала ескерту жасады.

«Артық әңгіме айтып жазатындарды бірден бұғаттаймын», — деді ол.

Айта кетейік, Жәмила Бақбергенова 2021-2024 жылдар аралығында әлем біріншілігінен 3 күміс, 1 қола жүлде иеленді. Ол 2023 жылы Азия ойындарында 76 келіде сынға түсіп, күміспен күптелген. Биыл Хорватияда күрескен спортшы іріктеу кезеңдерінде есе жіберіп, жарыста жүлдесіз қалды.