Мемлекет басшысы Токио губернаторымен кездесті. Юрико Коикэ Қасым-Жомарт Тоқаевты «Қош келдіңіз!» деп қазақ тілінде жылы шырай таныта қарсы алды.
Қ.Тоқаев Токио губернаторымен кездесті. Тараптар цифрландыру, Smart city технологияларын және қаланы орнықты дамыту, жасанды интеллект, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар мегаполистердің тұрғындары мен қонақтары үшін анағұрлым жайлы, экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру жайын қарастырды. Президентке Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды, шаһарды басқару тиімділігін арттыруды және орнықты даму үшін озық технологияларды пайдалануды көздейді. Мемлекет басшысы қаланы басқару ісіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.