Шетелдегі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақ жастары аз емес. Солардың қатарында атыраулық бойжеткен Нұрай Бисенова да бар.
Мұнайлы шаһарда өскен ол бала кезінен белсендігілімен танылды. Мектепте оқи жүріп, ағылшын тілін жетік меңгеруге талпынды. Суда жүзуді ұнатты. «Жұлдыз» би ансамблінің белді мүшесі болды. Марафонға бірнеше рет қатысты. Ең басты арманы – ұшқыш болу.
«Бала кезімнен еркіндікке, биікке құштар едім. Мектептің 9-сыныбында кәсіби бағдар беру курсына қатыстым. Сол кезде болашақ мамандығыма қатысты сауалдама сұрағына ұшқыш болатынымды көрсеттім. Бұл үшін шетелдегі беделді жоғары оқу орнында білім алуды көздедім», дейді Нұрай Бисенова.
Бұл мақсатына бірден қол жеткізу оңай болмады. Алдымен Чехияға виза алуға бірнеше рет қадам жасады. Сол елге барып, емтиханға дайындалды. Таудай талпынысының нәтижесінде осындағы техникалық университеттің механикалық инженерия факультетіне оқуға түсті. Бұл – Орталық Еуропадағы байырғы жоғары оқу орны.
«Қазір «Professional Pilot» бағдарламасымен 2-курста оқып жүрмін. Грантқа ие болғанмын. Бірінші курста ұшу алдындағы дайындықтан өттік. Теорияны оқып, бір моторлы ұшақпен ұштым. Ең есте қаларлық оқиға – туған күнімде «Private Pilot License» үшін теориялық емтиханды сәтті тапсыруым. Ал жазда «Single Engine Pilot» лицензиясын алдым. Ұшақ штурваліне отыру – ұмытылмайтын сәт. Көк аспанға көтеріліп, әуеден жерге қараудың әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес», дейді аспанға ғашық ару.
Оның айтуынша, кәсіби ұшқыш болу үшін табандылық пен батылдық қажет. Темірдей тәртіпті сақтаған жөн.
«Би үйірмесі тәртіпке бой үйретуіме әсер етті. Қазір соның пайдасын көріп жүрмін. Ұшқыш боламын дегенімде, ата-анам бұл таңдауыма таңданыспен қараған еді. Олар «Ұшқыш болу – қыздардың кәсібі емес» деді. Бірақ мен таңдауымды өзгертпеуге шешім қабылдадым», дейді Н.Бисенова.
Атырау облысы