Абай облысында полицейлер қашпақ болған мас жүргізушінің жолын кесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Абай облысының Жаңасемей ауданында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында учаскелік полиция инспекторлары күдік тудырған ВАЗ автокөлігін байқайды. Көлікті басқарған 39 жастағы жүргізуші полиция қызметкерлерінің тоқтау жөніндегі заңды талабын дер кезінде орындамай, әрі қарай жүрген.
Қызметкерлер автокөлікті тоқтатып, тексеру жүргізді.
"Тексеру кезінде жүргізушінің алкогольдік мас күйде болғаны анықталды. Мұндай жағдай жолдағы қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіруі мүмкін екені белгілі. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды", — деп хабарлады полиция.
Ол 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке арнайы қабылдау орнына қамалды. Ал көлік арнайы айыптұраққа қойылды.
Полиция барлық жүргізушіні жол қозғалысы кезінде аса мұқият болуға үндеді.
"Кешкі уақытта көлік қозғалысы күшейіп, жаяу жүргіншілер мен балалардың жолда жүруі жиілейді. Осындай сәттерде әрбір сақтық шарасы маңызды", — делінген хабарламада.