АҚШ тұрғындары қазақтың ұлттық тағамдары – бауырсақ пен балқаймақты күнделікті таңғы асқа тұтына бастады. Қазақстандық отбасы Хьюстон қаласында дәмхана ашып, ұлттық ас мәзірін ұсыну арқылы жергілікті тұрғындардың ықыласына бөленіп отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.


Әдетте америкалықтар таңғы асқа тек кофе ішумен шектеледі. Алайда аталған дәмхананың тұрақты келушілері уақыт өте келе ұннан жасалған тағамдарға да қызығушылық таныта бастаған. Клиенттердің айтуынша, мұндағы суық кофе мен бәліштердің дәмі ерекше, деп жазады qazaqstan.tv.

Қазақстаннан барған кәсіпкер отбасы америкалық серіктесімен бірлесіп дәмхананы ашып, ғимаратты өздері жөндеп, безендірген. Ас мәзіріне бауырсақ, балқаймақ сынды ұлттық тағамдарды қосу америкалықтар тарапынан оң бағасын алған.

Кәсіпкер Абдурахман Абшүкірдің айтуынша, АҚШ-та нан өнімдерінің дәмі Қазақстандағыдай емес әрі бағасы да жоғары.

Бауырсақты көрген адамдар қызығып, алдымен дәмін татып көреді. Кейін оның ерекше әрі дәмді екенін айтып жатады, – дейді ол.

Дәмханаға тек америкалықтар ғана емес, түркі халықтарының өкілдері, соның ішінде қазақтар да жиі келеді. Олар шетелде жүрген жерлестерінің кәсібіне қолдау көрсетіп жүр.

Кәсіпкерлер алдағы уақытта сұранысқа сай ас мәзірін кеңейтіп, қазақтың ұлттық тағамдары арқылы көшпенділер мәдениетін АҚШ-та кеңінен танытуды жоспарлап отыр.