Жапония Қазақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді. Былтыр тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Бұл – Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы сауда көлемінің 70 пайызынан астамы деген сөз. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесуінде айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Еліміз Токиомен жан-жақты ықпалдастықты одан әрі арттыруға баса мән береді. Парламентаралық диалог тереңдей түсті. Түрлі деңгейдегі байланыстар тұрақты түрде жалғасуда. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты қатынастарымыз тың серпінмен дамып келеді. Жапония Қазақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді. Былтыр тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Бұл – Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы сауда көлемінің 70 пайызынан астамы деген сөз. Сондай-ақ көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда нақты жобалар бар», — деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Жапонияда ресми сапармен жүр. Қасым-Жомарт Тоқаевты Ханэда халықаралық әуежайында Жапонияның мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу қарсы алды. Одан кейін Император Нарухитомен кездесті, Токиодағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасына барды. Сондай-ақ, Жапонияда білім алып, түрлі салада қызмет етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Жапония сияқты дамыған елдің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айтты.

«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан өз дамуында жаңа кезеңге қадам басты. Биыл ел экономикасының өсімі 6 пайыздан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Дегенмен мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Инфляцияны төмендету, инфрақұрылымды жаңарту қажет. Қазақстан келешекте цифрлық елге айналуы керек. Алдымызда осындай үлкен мақсаттар тұр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының осы ресми сапары аясында жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қою жоспарланып отыр.