Атырау облысында аң аулауға кетіп, оралмаған аңшы 4 күннен бері іздестіріліп жатыр. Өңірдің құтқарушылары ер адамды іздеу-құтқару жұмысына бүгін тікұшақ пен дрон қызметін де жұмылдырды, деп жазады Egemen.kz.


Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жоғалған тұрғынды іздеу жұмыстары күндіз-түні үзіліссіз жүргізіліп жатыр.

«Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаменті, Атырау облыстық полиция департаментінің жеке құрамы және жоғалған азаматтың достары мен туыстары сынды 43 адам атсалысып жатыр. Сондай-ақ 11 техника, тікұшақ пен 3 дрон жұмылдырылған. Бүгін қосымша күш тарту көзделіп отыр», делінген ТЖД таратқан хабарламада.

Айта кетейік, 14 желтоқсан күні Атыраудан 100 шақырым жердегі Ботақан кен орны аумағында 1964 жылы туған ер адам аң аулауға кетіп, сол күйі оралмаған.