Платформада негізгі процестер цифрландырылды.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің "Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы" КЕАҚ суару суын каналдар арқылы беру үдерісін жеңілдету және автоматтандыру мақсатында биллинг жүйесін пилоттық режимде енгізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атап айтқанда, су тұтынушылар мен "Қазсушар" РМК арасындағы су беру қызметтері бойынша өтініш беру, келісімшарт жасасу және есеп айырысу.
Өтінім беруден бастап төлем жасауға дейінгі барлық кезең электронды форматта жүргізіледі. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, мобильді банк қосымшалары арқылы өтініш беру және қызмет ақысын төлеу мүмкіндіктері пысықталып жатыр.
"Жұмыс тобы Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында, соның ішінде шалғай аудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биллинг жүйесін енгізу шаруалар үшін шарт жасасу үдерісін айтарлықтай жеңілдетіп қана қоймай, "Қазсушар" РМК-ға каналдарға түсетін жүктемені тиімді бақылауға және су ресурстарын бөлуді жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жүйе судың "қара нарығымен" күресуге ықпал етеді. Платформа нақты уақыт режимінде су тұтынушылардың қолданыстағы шарттарының бар-жоғын көруге және суару суын заңсыз алу фактілерін анықтауға мүмкіндік береді", – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Цифрландыру департаментінің директоры Мейіргүл Қуандықова.