Әлемнің жарығын сыйлаған аяулы анаға деген құрмет қашанда заңғар таудай. Ананың мейірімі мен жан жылуы тіршілікке нәр беріп, ұлтын сүйер ұрпақ өсіріп, ата-баба дәстүрін жалғастырып, отбасы құндылығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқаны Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» музейінде өткен «Тұғыры тамырлы – Тәуелсіздік» атты мәдени іс-шараға арқау болды.
Қылқалам шебері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алматы облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Жанұзақ Мүсәпірдің анасы, ұлағатты тұлға Ұлжамал Мамытқызының 100 жылдығына орай өзі негізін қалаған галереяда мың түрлі бояуға қанық картиналары орын алған «Ана – ғұмырдың бояулы жалғасы» атты көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ ұлтымыздың өшпес өнерін арқалаған таудай азаматты дүниеге әкеліп, өсірген ата-анасының өмір жолын суреттеген «Өмір сыры» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Мәні зор мәдени іс-шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен суретшінің тума-туыс, дос-жаран, әріптестері қатысты.
Салтанатты жиында сөз бастаған Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев өнерсүйер қауымға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Құттықтау хатта қылқалам шебері Жанұзақ Мүсәпірді мазмұнды мәдени іс-шараның өтуімен құттықтай келе, отбасылық құндылықтарды насихаттауға және ата-ананы құрметтеуге арналған игілікті істерге үнемі ұйытқы болып, бұл бағытта көпке озық үлгі көрсетіп келе жатқаны атап айтылған.
«Шығармаңыз арқылы қазақ әйелінің қайсарлығын, парасатын, табандылығын дәріптеуде және аналардың отбасы мен ұлт алдындағы рөлін ұлықтауға үлкен үлес қостыңыз. Қалың оқырманға жол тартқан «Өмір сыры» кітабыңыз – осы бағыттағы ұзақ жылғы ізденістің нәтижесі. Бұл еңбек қоғамда рухани құндылықтарды одан әрі жалғастыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз. Кітаптың тағылымға толы терең мазмұны тұлға ретінде өсуге және ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті сезінуге тың серпін береді», делінген құттықтау хатта.
Одан кейінгі кезекте Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев та өңір басшысының ыстық лебізін жеткізе келе, ана өмірдің алтын қазығы, отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің бастауы, сол себепті аналар еңбегін дәріптеп, олардың ұлағатты ғұмырын жас ұрпақтың санасына сіңіру қоғам алдында маңызды міндеттің бірі екенін тілге тиек етті. Осы тұрғыда қазақ мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Жанұзақ Керімбекұлының ана келбетін бейнелеген көркем туындылары ұлттың рухани болмысы, ата дәстүрі дәріптелген асыл қазына екенін айрықша атады.
«Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор. Ерекше сезімдеміз. Себебі жүз жылдығы аталып отырған Ұлжамал анамыздың келісті келбетінен қазақ әйелінің сан ғасырлық бет-бейнесі, қайсарлығы, табандылығы, сұлулығы, құт-берекесі мен даладай кең пейілі көрініс тапқан. Бұл суретшінің үлкен шеберлігі», деген Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен республикамызда айрықша маңызға ие «Анаға құрмет» музейінің жұмысын насихаттау қажеттігін атап өтті.
Толқынысқа толы мәдени іс-шара барысында сөз тізгінін алған қоғам қайраткерлері мен өнер өкілдері құдіретті қылқалам арқылы анасының ғұмырын жалғаған Жанұзақ Мүсәпірдің шығармашылығына бойлап, оның қазақ руханиятының қазынасына қосқан қайталанбас бай туындылары, соның ішінде «Балалықтан даналыққа жол» атты біртұтас топтамасы туралы да тебірене тиек ағытты. Оны автордың суретшілік өнерінің биік шыңына балады.
Тағылымды іс-шара соңында кеш қонақтарының қатысуымен «Өмір сыры» кітабының алқызыл лентасы қиылып, оқырманға жол тартты.
«Біздің осындай ұлы мерекені тойлауымыз, шығармашылық жұмыспен айналысуымыз, еліміздің болашағынан үлкен үміт күтуіміз, сый-құрметке бөленуіміздің барлығы да Тәуелсіздігіміздің арқасы деп есептеймін. Алатаудың етегінде тамаша жерде орналасқан музейге талай жерді аралап келген «Менің анам – Ұлжамал» атты портретті сыйға тартып отырмын. Ондағы мақсат, біріншіден, музей қорын байыту, екіншіден, ертеңгі ұрпақ ата-бабаларымыздың бейнелеу өнері саласындағы классикалық бейнесін осы картина арқылы көріп, ұғынар деген ойдамын. Сонымен қатар өнерде екі тізгінді тең ұстап келемін. Соның бірі алдымен суретші болсам дегенім, одан кейін журналистика саласында 30 жылдан аса еңбегімнің бар екені белгілі. «Өмір сыры» атты отбасылық құндылықты арқау еткен кітабым әкем мен анамның өнегелі өмірі мен өсиеті туралы сыр шертеді», деген Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қылқалам шебері Жанұзақ Керімбекұлы іс-шара қонақтарына ризашылығын білдірді.
Елімізге танымал тұлғаларды өмірге әкеліп, жеткізген аяулы аналардың есімін ардақтап, олардың тұрмыста қолданған заттарын көпшіліктің назарына ұсынып отырған «Анаға құрмет» музейінің тұрақты қоры 100 жылдық мерейтойы аталған Ұлжамал Мамытқызының көзтартар киімі, тігін машинасы, жеке құжаттары мен сандықшалары, самаурыны сынды жеке заттарымен толықты.
Алматы облысы