Жапония технологиясы, тәртібі, дәстүрімен әлемді мойындатқан мемлекет.
Елде тұтас дәуірдің мәдени мұрасы қазіргі заманғы технологиямен үйлесім тапқан. Өнер, ғылым және өндіріс салалары бір-бірін толықтырып, экономиканың тұрақты дамуына негіз болып отыр.
Жапония — ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен өнерін бүгінгі заман талабымен үйлестіре білген бірегей ел. Мұнда дәстүрлі театр, каллиграфия, шай рәсімі мен ұлттық сәулет заманауи мегаполистермен қатар өмір сүреді. Елдің тарихи дамуында самурай мәдениеті маңызды рөл атқарған. Олар ұстанған бусидо принциптері адалдық, ерлік, тәртіп пен жауапкершілік ұғымдарын қалыптастырып, жапон халқының дүниетанымы мен мінез-құлқына терең ықпал етті. Бұл құндылықтар бүгінгі таңда еңбек мәдениеті, қоғамдық тәртіп және мемлекет алдындағы жауапкершілік арқылы көрініс тапқан.
ЦИТАТА
Санаэ Такаити, Жапония премьер-министрі
Біздің күшіміз ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтар мен заманауи технологияны ұштастыра білуімізде. Ескі мен жаңаны бірге алып жүріп, елдің алға басуына жағдай жасап келеміз.
Жапония бүгінде әлемдегі үшінші ірі экономика саналады. Ел жоғары технология, машина жасау және өнеркәсіп салаларында жетекші орынға ие. Toyota, Honda, Nissan, Mitsubishi секілді автокөлік брендтері жаһандық нарықта сапа мен сенімділіктің символына айналған. Сонымен қатар Жапония электроника, робототехника және жасанды интеллект бағытында да қарқынды дамып келеді. Халқы шамамен 14 миллион адамды құрайтын Токио 1868 жылдан бері ел астанасы мәртебесіне ие. Бүгінде бұл шаһар әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көптеп келетін жетекші бағыттардың біріне айналған.
ЦИТАТА
Шэннон Стоуэлл, туризм саласы бойынша сарапшы:
Жапония ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдениетімен қатар табиғатының ерекше көркемдігімен де көзге түседі. Елде шаңғы тебу сияқты қысқы спорт түрлерінен бастап, теңізде су астына сүңгуге дейінгі түрлі демалыс мүмкіндіктері бар. Мұның барлығы Жапонияны тек тарихи мұрасымен ғана емес, белсенді туризм бағыттары арқылы да бірегей мемлекетке айналғанын көрсетеді.
Жапония халықаралық серіктестікке де айрықша көңіл бөледі. Соның ішінде Қазақстанмен арадағы байланыс жылдан жылға нығайып келеді.
Екі ел экономика, инфрақұрылым, экология, білім беру және тағы басқа салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Сарапшылар бұл әріптестікті Орталық Азия мен Шығыс Азия арасындағы стратегиялық көпір ретінде бағалайды.