KIA K5 автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Батыс Қазақстан облысында адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қайғылы жағдай 16 желтоқсан күні кешкі сағат 20:30 шамасында Бәйтерек ауданы аумағында болған.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты Володар ауылынан шамамен 2 шақырым жерде, аудандық маңызы бар Орал – Кирсанов автожолының 14-шақырымында болған. 1989 жылы туған жүргізуші басқарған KIA K5 автокөлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, нәтижесінде 1974 жылы туған жүргізуші тізгіндеген ВАЗ-2104 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Апат салдарынан ВАЗ-2104 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Аталған көлікте болған тағы бір жолаушы әртүрлі дене жарақатымен Орал қаласындағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді.


Оқи отырыңыз: Костенко шахтасындағы жарылыс: апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды


Полиция мәліметінше, екі автокөлік те арнайы тұраққа қойылды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. KIA K5 автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталып жатыр.