Мәжіліске "Ара шаруашылығы мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы енгізілді. Түзетулер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің балға және ара шаруашылығының өзге де өнімдеріне меншік құқықтарын қорғауға бағытталған.


Айта кетерлігі, қолданыстағы "Ара шаруашылығы туралы" ҚР Заңында ара деген не, бал деген не екені нақты анықталмаған. Ал бұл — көне әрі қадірлі кәсіптің басты мақсаты (жалғыз болмаса да) мен "өндіріс құралдары" екені анық.

Заң жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес (Заңның 1-бабына енгізілетін жаңа 22-тармақша):

"Табиғи бал — аралардың тіршілік әрекетінің нәтижесінде алынатын табиғи тәтті тағам өнімі; ол өсімдіктердің нектарынан немесе өсімдіктердің тірі бөліктерінен бөлінетін шырындардан, не болмаса өсімдіктердің тірі бөліктерінде паразиттік тіршілік ететін жәндіктердің бөлінділерінен өндіріледі. Аралар бұл заттарды жинап, өздері өндіретін ерекше заттармен араластырады, ұя көздеріне орналастырып, сусыздандырады, жинақтайды және пісіп-жетілуі үшін ұяларда қалдырады".

Яғни бал жинайтын аралар — Apis mellifera, Apidae тұқымдасына, Apinae кіші тұқымдасына жататын қоғамдық аралар түрі болып табылады (Заңның 1-бабына енгізілетін жаңа 23-тармақша).

Сонымен қатар, заңға тағы бірқатар жаңа ұғымдар енгізіліп, бұрыннан бар анықтамалар "Ара шаруашылығы. Терминдер мен анықтамалар" атты мемлекетаралық стандартқа сәйкестендіріліп түзетіледі.

Алайда, мәселенің түйіні бұл ғана емес.

Негізгі түзету — "Омарталарды орналастыру" атты 6-бапқа жаңа 2-тармақтың енгізілуі. Бұл норма өз алдына қызықты болғандықтан, оны толық келтірейік (ұсынылып отырған толықтырулар ерекше көрсетілген):

1. Көшпелі омарталар бал жинау көздерінің маңында бір-бірінен кемінде бір жарым километр, ал тұрақты пасекалардан кемінде үш километр қашықтықта орналастырылуы тиіс.

2. Энтомофильді (жәндіктер арқылы тозаңданатын) өсімдіктерді егу және отырғызу арқылы іргелес аумақтарда бал базасын ұйымдастыратын тұрақты немесе көшпелі пасекалардан бес километрден жақын қашықтықта басқа тұрақты немесе көшпелі пасекаларды орналастыруға жол берілмейді.

3. Басқа бұрын орналастырылған омартадан бал жинау көздеріне қарай ұшатын аралардың ұшу жолында тұрақты немесе көшпелі пасекаларды орналастыруға жол берілмейді.

Бәрі түсінікті сияқты: қашықтықтар да, тыйымдар да, мақсат та анық — омарта иелері бір-біріне кедергі келтірмеуі тиіс.

"Взяток" деп араның бір ұшып барып әкелетін нектар мен тозаң көлемі аталады. Кейбір балды өсімдіктердің иісі соншалықты күшті болады, ара бағдарынан айырылып, егер жолында кезіксе, жиналған нектарды алғашқы кездескен ұяға апарып тастай салуы мүмкін. Сондықтан жақын маңда өзге омарталардың болуына тыйым салынады.