Zakon.kz хабарлағандай, 15 желтоқсан 2025 жылы Ақмола облысында Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері алты адамды құтқарып, қар құрсауынан шығарды.


Мәліметке сәйкес, Жарқайың ауданында Костанай облысының шекарасынан Державинск қаласына қарай келе жатқан жеңіл көлік жолдан шығып, далаға түскен. Нәтижесінде адамдар адасып, әрі қарай қозғала алмай қалған.

Оқиға орнына келген құтқарушылар азаматтарды эвакуациялап, жылыту пунктіне орналастырды.

Төтенше жағдайлар қызметі қысқы уақытта жолға шыққанда сақ болуға және қолайсыз ауа райын ескеруге шақырады. Бұған дейін ведомство Қазақстан трассаларындағы жағдайды хабарлаған еді.