Ақтөбе облысында ауа райының қолайсыздығы жолаушылар үшін көптеген қиындық тудырып жатыр. Бүгін облыста 70-тен астам шетел азаматы қар құрсауында қалып, құтқарылды, деп жазады ТЖМ ресми Telegram-арнасы.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы аумағында республикалық маңызы бар автожолының 975-шақырымында техникалық ақауға байланысты жолаушылар автобусы тоқтап қалған. ТЖМ хабарлауынша, Мәскеу қаласынан Тәжікстан Республикасына бағыт алған автобуста болған 57 адам, оның ішінде 3 бала ТЖД күштерімен құтқарылған.

"Құтқарылғандардың барлығы – Тәжікстан Республикасының азаматы. Олар Қарабұтақ ауылындағы мешітте орналасқан жылыту пунктіне орналастырылды. Медициналық көмек қажет болған жоқ", — делінген хабарламада.

Сонымен қатар бүгін Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында жергілікті маңызы бар "Жосалы – Ашылысай" автожолында да авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілген. Қар құрсауында қалған екі автокөліктен Ташкент қаласынан Мәскеу қаласына жол тартқан Өзбекстан Республикасының 11 азаматы құтқарылып, автокөліктер Жосалы ауылына жеткізілген.

"Құтқарылған азаматтар Жосалы ауылындағы орта мектеп базасында ұйымдастырылған жылыту пунктіне орналастырылды. Олардың да медициналық көмекке мұқтаж еместігі анықталды. ТЖМ ауа райының қолайсыз кезеңінде алыс жолға шықпауға және жол қозғалысы шектеулері туралы ақпаратты қадағалап отыруға шақырады", — деп жазады ТЖМ өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз