Павлодарда балалар хосписі ашылады. Өңірде паллиативті көмекке мұқтаж жүзге тарта бала бар.

Осыған байланысты ауыр дертке шалдыққан жеткіншектердің ата-аналарынан балалар хосписін ашу жөнінде өтініш түскен. Он төсек-орынға арналған мекемеде түрлі айықпас дертке шалдыққан балаларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Хосписке бұрынғы №1 қалалық перзентхананың ғимараты берілді. Қазіргі уақытта онда күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға дайындық жүргізілуде. Жобаның басты мақсаты – кішкентай науқастарға барынша жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау. Мекеме тәулік бойы жұмыс істейді және ата-аналары мен жақын туыстарының келуіне ешқандай шектеу қойылмайды.

Елнұр Рахымжанов, Павлодар облыстық хосписінің басшысы:

- Қазіргі таңда өңірде облыстық балалар ауруханасының жанында ауыр дертке шалдыққан балаларға арналған небәрі екі-ақ паллиативті төсек-орын бар. Бұл – есепке алынған 94 бала үшін тым аз. Сол себепті паллиативті көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында осындай шешім қабылданды.