Елордада ауа райының күрт нашарлауына байланысты штаттан тыс бас травматолог, басқарма маманы Алексей Солод қала тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және көшеде жүргенде аса сақ болуға шақырды. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Маманның айтуынша, ең алдымен аяқ киім таңдауға ерекше көңіл бөлу қажет. Көктайғақ кезінде биік өкшелі аяқ киімнен бас тартып, табаны кедір-бұдыр, таймайтын аяқ киім киген жөн.
Сондай-ақ үйден шығу уақытын алдын ала жоспарлап, асықпай қозғалу маңызды. Қысқа қадам жасап жүру, қолды қалтаға салмау және мүмкіндігінше ауыр сөмкелерді ұстамау тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
Қарт адамдарға резеңке немесе темір ұшы бар таяқ қолдану ұсынылады. Қосымша тірек ретінде шаңғы таяғын пайдалануға да болады.
Мұз қатқан және жарықтандырылмаған жол учаскелерінен аулақ болған дұрыс. Егер құлаудың алдын алу мүмкін болмаса, денені жинақтап, тізені сәл бүгіп, арқамен емес, жанымен құлау ауыр жарақаттардың алдын алуға көмектеседі.
Құлағаннан кейін бірден тұруға асықпаған жөн. Егер бас айналу немесе қатты ауырсыну сезілсе, айналадағы адамдардан көмек сұрау қажет.
Ауыр жарақат алған жағдайда міндетті түрде медициналық ұйымға жүгініп, білікті медициналық көмек алу керек.
Медицина қызметкерлері ата-аналарға балаларға қыс мезгілінде көшеде қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін үнемі ескертіп отыру қажеттігін де еске салады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз