2025 жылғы Үкімет қызметінің қорытындыларын шығару шеңберінде Astana Hub алаңында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.


Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды реформаларды есепті кезеңде Үкімет іске асыруды жалғастырды. Бұл реформалар мұнай-газ секторын, жанар-жағармай материалдары нарығын және мұнай өңдеу саласын қамтиды.

Мұнай-газ саласындағы жылдың басты оқиғасы – Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының толық аяқталуы болды. Үшінші буын зауытының іске қосылуы мұнай өндіру көлемін жылына 12 млн тоннаға арттырып, экспорттық түсімнің тұрақты көзін қалыптастыруға және ұлттық экономиканың әлеуетін күшейтуге мүмкіндік берді.

Ішкі жанармай майлау материалдар (ЖММ) нарығын реттеу саласында бағаны қолмен басқарудан нарықтық тетіктерге көшу жүзеге асырылды. Қабылданған шаралар нарықты тұрақтандырып, отынмен толық қамтамасыз етуге және тапшылық қаупін барынша азайтуға жол ашты.

«2025 жылы мұнай өңдеу саласын 2040 жылға дейін дамытуға арналған ұзақмерзімді өндірістік бағдарлар бекітілді. Олар қуаттарды ұлғайту, өнім сапасын арттыру және ғылыми-технологиялық шешімдерді енгізу қағидаттарына негізделген. Нысаналы көрсеткіш мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ) кеңейту және қуаты жылына 10 млн тоннаға дейінгі жаңа МӨЗ жобасын іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі», деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Биыл CaspiBitum зауытын жаңғырту аяқталды. Нәтижесінде кәсіпорынның қуаты жылына 1,5 млн тонна мұнайға дейін, ал битум өндірісі жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайды.

Шымкент, Атырау, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту, сондай-ақ жаңа МӨЗ салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Саланың экологиялық күн тәртібі мен технологиялық дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Көміртекті бейтараптық стратегиясы аясында К5+ экологиялық стандартындағы мұнай өнімдеріне көшу бекітілді. Мұнай өңдеу зауыттарын техникалық жаңғырту мұнайды өңдеу тереңдігін 94%-ға дейін арттыруға және жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару үшін мұнай өңдеуді мұнай-химиямен ықпалдастыруға мүмкіндік береді.