Алматы қаласында жаңа БРТ желісінің іске қосылды, соған байланысты аталған көше-жол желісі учаскелерінде полиция нарядтарының патрульдеуі күшейтілді.


Желіні пайдаланудың бастапқы кезеңінде негізгі назар профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына бағытталды.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол қозғалысын ұйымдастырудағы өзгерістерді түсіндіріп, жаңа жол таңбалары мен белгілерге бағдар берді, сондай-ақ қозғалыстың жаңа тәртібіне бейімделуге көмектесті.

"Бейімделу кезеңі аяқталғаннан кейін жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылдана бастайды. Әсіресе қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарда көлік құралдарын тоқтату және қою, сондай-ақ жеке автокөліктердің БРТ жолағына шығу фактілеріне ерекше назар аударылады. Құқық бұзушылықтар полиция нарядтарымен қатар фото және бейнебақылау құралдары арқылы да тіркелетін болады", – деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысына жауапкершілікпен қарап, тәртіп пен өзара құрметті сақтауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң орындауға және қоғамдық көліктің қозғалысына кедергі келтірмеуге шақырады.

Жол ережелерін сақтау – жолдағы қауіпсіздіктің, қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысының және қала тұрғындарының жайлылығының басты кепілі.