Келіссөздер дүйсенбі күні жалғасады.
АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф Берлинде Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткен кездесуде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізілгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
АҚШ пен Украина делегациялары арасында атысты тоқтату мүмкіндігіне қатысты келіссөздер 5 сағаттан астам уақытқа созылған. Кездесуге АҚШ президенті Дональд Трамптың кеңесшісі әрі күйеу баласы Джаред Кушнер де қатысты.
Уиткоффтың әлеуметтің желідегі жазбасына сәйкес, тараптар 20 тармақтан тұратын бейбіт келісім жоспары, экономикалық мәселелер және өзге де тақырыптар бойынша талқылаулар жүргізгені белгілі болды.
Жүздесудің басында Германия канцлері Фридрих Мерц те қатысқан, кейін өзінің өкілін қалдырған.
"Біз Украинада бейбітшілік болғанын қалаймыз. Алдымызда өзекті мәселелер тұр, алайда біз алға жылжуға ниеттіміз", – деп жазды Мерц X парақшасында.
AFP агенттігінің хабарлауынша, дүйсенбі күні консультациялар жалғасады. Кешке қарай келіссөздерге ЕО мен НАТО басшылары, Еуропа елдерінің президенттері мен премьер-министрлері қосылмақ.
Reuters агенттігінің жазуынша, Украина президенті журналистердің WhatsApp чатындағы сұрақтарына жауап бере отырып, бейбіт ұсыныстарда белгілі бір ымыра болатынын мәлімдеген. Атап айтқанда, Киев НАТО-ға мүше болудан бас тартып, оның орнына АҚШ, Еуропа және басқа да әріптестер тарапынан заңды түрде міндеттелетін қауіпсіздік кепілдіктерін қабылдауға дайын екенін мәлімдеген.
Айта кету керек, бұған дейін Владимир Зеленский аумақтық мәселеде шешуші сөз кімде болатынын айтқанын жазғанбыз. Украина басшысы соғыс жағдайында сайлау өткізуге дайын екенін мәлімдеді.