Шаруалар тропикалық белдеуде ғана өсетін жемісті жергілікті жылыжайларға жерсіндіріп, гектарына 30-дан 80 тоннаға дейін өнім алады қазір.
Отандық өнімнің алды Алматы мен Астана, Тараз бен Шымкент қалаларындағы базарларда саудаланып жатыр.
Жабай ата шаруа қожалығы 3 жыл бұрын 7 гектар жылыжайға лимонның 5 мың түп көшетін Өзбекстаннан алып келіп еккен. Қазір әр гектарда 800 түп жеміс ағашы жайқалып, өсіп тұр. Биыл алғашқы өнімін беруде. Бағбан жыл соңына дейін 200 тонна лимон жинауды жоспарлап отыр.
Бекзат Исмайлов, бағбан:
- 3 жыл дегенде өнім береді. 5 жылда жақсы өнімге кіреді. Биыл гектарына 30-40 тоннадан. Алдағы уақытта 100 тоннадан алуға болады. Алынған өнімдер Қазақстанның аумағында сатылып жатыр. Алматы, басқа да қалаларда сатылуда. Бағасы 1500 теңге аралығында, өнім жинау уақытында 20-30 одан да көп адам жұмыс істейді. Тамшылатып суарылады.
Ал Бағыс ауылында тұратын Манатәлі Таңсықбаев 1 гектар жылыжайдан 60 тонна лимон жинауды көздеп отыр. Бағбан 7 жыл бұрын лимонның «Меир» деп аталатын сортын екен. Ол грузиялық және қытайлық лимон сортының будандасқан түрі. Қабығы жұқа. Әрі өнімі мол. Еңбекқор отбасы қазір өнім жинау үстінде.
Манатәлі Таңсықбаев, бағбан:
- Қыркүйектен бастап, желтоқсанға дейін тереміз. Бір ағаш менде 235келі өнім берді. Бізге лимонға +2 градус жетеді. Көмірден ұтып жатырмыз, тыңайтқыштан ұтып жатырмыз. тек терім кезінде жұмысшы аламыз, басқа уақытта отбасымызбен жұмыс істейміз. Бұл ағаштар 50 жыл өмір сүреді. Балаңа, немереңе, шөбереңе жетеді осыны кәсіп етсе.
Түркістан облысында лимон өсірушілердің саны артып келеді. Бүгінгі таңда облыс аумағында 20 гектарға жуық лимон өсірілген жылыжай бар. Әсіресе цитрустық жемісті Сарыағаш, Келес және Сайрам аудандарының шаруалары жақсы жерсіндіріп, күтіп баптауда. Мамандар биылғы өнімділік көңіл қуантатынын айтады.
Дәулетияр Алшынбай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы:
- Орта есеппен 1 гектардан 80 тоннаға дейін лимон жинап отырмыз. Жалпы айтқанда жыл соңына дейін 1200 тонна өнім алу жоспарымызда бар. Бұл өңіріміз үшін өте жоғары көрсеткіш. Шаруалар өз өнімдерін ішкі нарыққа ғана емес, сонымен қатар шет елдерге де экспорттай бастады.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Мамандар лимон өсірушілерге мемлекет тарапынан қолдау барын айтады. Жылыжай құрылысын жүргізуге кеткен шығынның 30%, ал минералды тыңайтыштың 50%-ын Үкімет субсидиялап береді. Әрі лимон өсіру — облыстың ауыл шаруашылығы құрылымын әртараптандырып, жаңа нарықты игеруге және жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға да сеп болмақ.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш