Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген балалар бүгінде түрлі салада жемісті еңбек етіп, ел дамуына үлесін қосып жүр. Солардың бірі – ұлытаулық мұғалім Рауан Оразбаев.

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Жезқазғандағы №1 мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Жасанды интеллект тілін еркін меңгерген маманның шәкірттері халықаралық білім сайыстарында үздік деп танылған.

Үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбекті талап ететін ұстаздық жолды ер азаматтар көп таңдай бермейді. Дегенмен біздің кейіпкеріміз 14 жылдан бері қызметін мінсіз атқарып келеді. Бала жасынан бағдарламалау тілін еркін меңгерген ол қазір білгенін шәкірттеріне үйретіп жүр.

Рауан Оразбаев, информатика пәнінің мұғалімі:

- Технологияның дамып келе жатқаны ешкімге құпия емес. Алайда оның ашылмаған мүмкіндіктері өте көп. Супер компютердің, жасанды интеллектінің құпиялары көп. Сондықтан бізге тек қолданушы ғана емес, бізге өзіміздің ұлттық жасанды интелектімізді, технологиямызды жасаған дұрыс.

Мұғалім шәкірттерінің бойынан үнемі жақсы қасиеттерді іздейді. «Бұл ретте жолым болған маманмын», — дейді ол. Соңғы екі жылда сегіз шәкірті робот құрастырудан түрлі деңгейдегі сайыста топ жарды. Ұстазының жолын қуған шәкіртерінің алды бүгінде Еуропада ІТ саласы бойынша білім алады.

Рауан Оразбаев, информатика пәнінің мұғалімі:

- Тәуелсіздік құрдасы ретінде, өзімнің осы мамандығым ретінде балаларды дұрыс тәрбиелеп, бағытты дұрыс қойып, балаларды үлкен жетістіктерге жеткізсем сол тәуелсіздікке жасаған сіңірген еңбегім деп санайды.

Қарлығаш Сәрсенбаева, мектеп директорының міндетін атқарушы:

- Біздің Рауан мұғалім балаларға үлгі болатындай кісі. Сабақ бергенде оқушыларды қызықтыра біледі балалармен балаша сөйлеседі. Әр түрлі іс-шараларға қатыстырып балаларды өзіне баурап алады.

Рауан замандастары мен шәкірттеріне үлгі. «Мектептің тынымсыз тірлігінен қолы қалт еткенде қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылады», — дейді әріптестері. Ұстаздық жолмен спортты қатар алып жүрген ол былтыр қазақ күресінен аймақтық «Ұстаз барысы» турнирін жеңіп алған.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев