Атырауда қатты жел мен көктайғақ салдарынан ғимараттың қасбеттері құлап, шатырлар ұшып түсті, деп хабарлайды "Ақ Жайыққа" сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Нұрсая шағын ауданында үйлердің бірінің қасбеті құлап, кірпіштер айналаға шашыраған.
Алдын ала ақпарат бойынша, қасбеттің құлауы кезінде жақын маңда адамдар болмаған, абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Ал Алмагүл шағын ауданында жел ұшырып әкеткен металл шатыр тұрақта тұрған көліктің үстіне құлады. Көлік иесі оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келгенін хабарлады.
Кей жерлерде электр жеткізу желілерінің істен шыққаны белгілі болды. Басылымның жазуынша, әр түрлі аудандардағы тұрғындар кабельдердің салбырап жерде жатқанына шағымданған. Жарық беру кезінде де біраз ақау тіркелген.
"Ауа райының нашарлауына байланысты (жаңбыр аралас қардың жаууы мен қатты жел) электр желілерінің апаттық сөнуі болды. Электр қуатының одан әрі апаттық сөнуіне және электр қуатының ұзақ уақытқа сөнуіне жол бермеу үшін қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр", — деп хабарлады "Атырау Жарық" ЖШС.
Тұрғындарға абай болу, ғимараттар мен әлсіз бекітілген құрылымдардың жанына көлік қоюдан аулақ болу және қатты жел кезінде далада болу уақытын шектеу ұсынылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз