Түркістан облысында экономикалық ахуалды жақсарту, өңірге инвестиция тарту және отандық өндірісті дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Түркістанда "Hygeia Textile Kazakhstan" ЖШС-нің джинсы маталарын өндіретін зауытының іргетасы қаланды. Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров және зауыт директоры Жин Ёуйй қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Облыс әкімінің айтуынша, бұл жоба өңірдің жеңіл өнеркәсіп саласында стратегиялық маңызды жобалардың бірі болып табылады. Арнайы экономикалық аймақта іске қосылатын кәсіпорын мақта-мата жібін иіру және джинсы маталарын өндіру желілерімен жабдықталады.
– Түркістан облысында мақта кластерін дамытуды бастадық. Бұдан былай өңірде өндірілетін мақта толықтай өңделіп, дайын өнім ретінде шығарылады. Жаңа зауыт еліміздің тоқыма өндірісін жаңа деңгейге көтереді. Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі және 10 млн метр джинсы матасы өндірілетін болады. Дайын өнімдер Еуропа мен Орталық Азия елдеріне экспортталады, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жобаның жалпы құны 23,3 млрд теңге және онда мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыттың жалпы аумағы 20 гектарды қамтиды. Құрылыстың барлық кезеңінде заманауи технологиялар мен жабдықтар қолданылады. Жобаны жеке инвестиция есебінен 3 кезеңде жүзеге асыру жоспарланған.
Облыс әкімінің айтуынша, жаңа зауыт іске қосылғанда Түркістан Қазақстандағы тоқыма өнеркәсібінің маңызды орталықтарының біріне айналады. Сонымен қатар, индустриалды аймақтар, шағын өндірістік парктер және арнайы экономикалық аймақтардың дамуы нәтижесінде соңғы 10 айда облыстағы өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, өсім 113,4 пайызды құрады.