1997 жылы ел астанасын Алматыдан Арқадағы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған еді. Бас қаланы тәуелсіздік бастауындағы басты жетістіктердің бірі ретінде атап өту керек. Шаһар бүгінде Еуразия кіндігіндегі ең белсенді орталыққа, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын цифрлық, дипломатиялық және мәдени хабқа айналды.
Екібастұз тумасы Рустам Мейірбек мектеп кезінен Астанаға көшуді армандап келді. Жай қоныс аударып қана қоймай, елорданың дамуына сүбелі үлесін қосуды мақсат тұтты. Ол Павлодарда жоғары білімін шыңдап, Астанадағы жақсы жұмыс орындарының біріне шақырту алды.
Рустам Мейірбек, инженер-құрастырушы:
- Бұл қала – үлкен мүмкіндіктер мекені. Мен бойымдағы дарынымды мамандығыммен байланыстырдым. Негізгі мамандығым – суретші. Алайда маған ірі конструкцияларды сызу және жобалау ұнайтын. Тағдырдың сыйы шығар, түбінде мен осы салаға келдім. Өте жауапты жұмыс. Қазіргі таңда «Барыс» және «Алан» көліктерін жобалауға үлесімді қосып жүрмін.
Бүгінде Астананың аумағы ұлғайып, тұрғындар саны төрт есе өсті. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері шаһардың экономикалық әлеуеті 100 есе артты. Қазір елдегі жалпы ішкі өнімнің 11 пайыздан астамы бас шаһар үлесіне тиесілі.
Гүлдана Әбіш, «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы:
- «Қазақстан» спорт сарайына реконструкция жасалып жатыр. Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион және Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Тағы да техникалық университеттер салынғалы тұр. Осындай көптеген бизнес және сауда-саттық орталықтарының құрылысы жоспарланып отыр. Біз есеп бойынша 33 нысанды көрсеткенбіз. Алайда одан басқа да нысандар бар.
Астана атануға үміткер болған қалалар қатарында Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау және қазіргі Ұлытау өңірі бар. Алайда арнайы комиссияның таңдауы Арқа төріндегі Ақмолаға түсті. «Бұл экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда әбден сараланған шешім болды», — дейді сарапшылар. Ақмоланың жер бедері, табиғаты, климаты, инженерлік әлеуеті мен көлік инфрақұрылымы ескерілді.
Мирас Жиенбаев, Maqsut Narikbayev University басқармасы төрағасының кеңесшісі:
- Еліміздің даму екпінін оңтүстіктен орталыққа көшіру шешімі – тарихымыздың маңызды тұсы. Осы арқылы Қазақстан әлдеқайда ілгері жылжыды. Жазық далада бой көтерген қаланы бастапқыда көпшілік бірден мойындай қоймады десек, артық айтқандық емес. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл өлке біздің мемлекеттілігіміздің киелі мекені саналатыны рас. Қысқа уақыт ішінде көркейе түскен астаналар әлемде саусақпен санарлық. Қазір 1 милионнан астам адам тұрады. Алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары ашылып жатыр. Еліміздің әкімшілік әлеуеті осы шаһарда шоғырланған. Инвестициялар мен экономикалық дамудың алып орталығы деуге болады.
Астана – егемендігіміздің жүрегі! Бұл қала биік армандар мен батыл шешімдердің мекеніне айналды. Бас шаһарымыз тек қала емес, бұл болашаққа сенім, бірлік пен жаңғырудың символы іспетті.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әнуарбек Мырзатайұлы, Досхан Қораз