Астанада өтіп жатқан турнирдің жалпы жүлде қоры 150 мың АҚШ долларын құрайды.
Осы демалыс күндері отандық бокстың басты додаларының бірі - Қазақстан бокс федерациясының Кубогы өз мәресіне жетеді. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған үздік былғары қолғап шеберлері маусымның ең маңызды жүлдесі үшін шаршы алаңға шығуда. Турнирдің жалпы жүлде қоры 150 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл жарыстың мәртебесі мен бәсекелестікті одан әрі арттыра түсті.
Бәсеке бірнеше күнге созылуда. 12 желтоқсанда жеребе тарту рәсімі өтіп, командалардың қарсыластары анықталды. 13 желтоқсанда спортшылар жартылай финалдық жекпе-жектерді өткізіп, алғашқы финалист те анықталды.
Бүгін Шымкент қаласының командасы Қазақстан бокс федерациясы кубогының финалына өтті. Қарағанды облысының боксшыларымен кездесу аясында соңғы жекпе жекте аса ауыр салмақта Нұрасыл Асылхан Иманғали Нұрпейісті жеңді. Жалпы есеп — 6:9. Шымкент құрамасының кубок үшін ақтық жекпе жектегі қарсыласы бүгін Маңғыстау облысы мен Астана қаласы кездесуінде анықталады. Ал 14 желтоқсанда Кубок иегері финалдық айқаста белгілі болады.
Биылғы турнирде Астана қаласының, Қарағанды облысының, Шымкент қаласының және Маңғыстау облысының құрамалары Кубокты сарапқа салуда.
Қазақстан бокс федерациясының Кубогы — жаңа есімдердің танылуына, өңірлік командалардың әлеуетін бағалауға және ұлттық бокстың дамуына серпін беретін маңызды дода.