Биыл Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 16 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Спикердің айтуынша, жүзеге асқан жобалар қоғамның әлеуметтік және азаматтық дамуына бағытталған. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Адал қоғам» Quiz сайысы, қоғам қайраткерлерінің мұрасын танытуға бағытталған жобалар, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді наситхаттауға «Qazaq Pride», баспасөз хатшыларына арналған «Content Hub» жобасы, «Қоғам дерті» жобалары, сонымен қатар әйелдер көшбасшылығын дамытуға арналған «Umay» бағдарламасы, қоғамдық кеңес мүшелері мен азаматтық сектор өкілдеріне арналған «Көшбасшылар керуені», отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Отбасы мекені – ел болашағы», сондай-ақ, баспасөз хатшыларына арналған «Қырағы көз» және жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 45 күндік “Таза Маңғыстау” экологиялық челлендж бен БАҚ қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттыру шаралары ұйымдастырылды.
– Аталған және өзге де жобалар қоғамдық даму саласының маңызды бағыттарын қамтып, өңірлік бастамалардың сапалы орындалуымен ерекшеленді. Сондай-ақ, ұйымдастырылған жобалар мазмұндық тереңдігімен, қоғамдық маңыздылығымен дараланып, тиісті деңгейде өтіп жатыр, – деді Гүлмира Балғожаева.
Брифинг барысында спикер Маңғыстау облысында 26 этномәдени бірлестік жұмыс істейтінін атап өтті. Олар Қазақстан Халқы Ассамблеясы институтының қоғамдық құрылымдарының қызметін нығайту және дамыту мақсатында 13 бағыт бойынша арнайы қоғамдық жобаларды жүзеге асырып жатыр
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 13 қоғамдық жобалары бойынша 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам адам қамтылды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі бөлігінің бірі — этномедиация. Облыстық этномедиация кеңесі өңірдегі қоғамдық келісімді нығайту, этнос аралық қатынастарда туындайтын мәселелердің алдын алу және медиация мәдениетін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарды. Жылдық жұмыс жоспары бекітіліп, әр айға арналған жоспар негізінде 40-қа жуық іс-шара өткізіліп, барлығы 1674 адам қамтылды, – деді Гүлмира Балғожаева.
Айта кетейік, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық имиджін дамыту бағытында ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері әртүрлі бағытта 25 медиа-жоспар әзірленді.
Маңғыстау облысы