Ағза мүшелерін трансплантацияға алуға келісу – марқұмның туыстарына аса ауыр жағдай, ал оны келесі науқасқа орналастыру дәрігерлерден ерекше күш-жігер, білім-білікті қажет етеді. Ақтау қаласында алғаш рет қайтыс болған науқастың жүрегіне донорлық операция жасалды.


Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстық көпбейінді ауру­ханасында 45 жастағы ер адамның ми өлімі анықталған соң, марқұмның туыс­тарымен облыс бойынша трансплантация жөніндегі өңірлік үйлестіруші Индира Аманқосқызы мен стационарлық координатор Ілияс Юсупұлы қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

«Жақындары батылдық танытып, донорлыққа келісім берген соң ауру­хана базасында Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы мамандарымен бірлесіп жүрек алу операциясы жасалды», деп хабарлайды облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі.

Операцияны Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация орталығының мамандары сәтті жүзеге асыруы нәтижесінде донордың жүрегі ұзақ уақыт күту парағында тұрған науқасқа сәтті трансплантацияланған.

– Бұл – өңіріміздегі ерекше маңызды оқиға. Донорлық ми өлімінің ресми расталуынан кейін барлық медициналық рәсімдер заңды түрде орындалды. Біз донорлыққа шешім қабылдаған отба­сына шынайы құрмет көрсетеміз, адам өмірін құтқаруға бағытталған ізгі қадамдары үшін алғыс айтамыз, – деді облыстық көпбейінді аурухана директорының міндетін атқарушы Берік Каунов.

Облыс бойынша трансплантация жөніндегі өңірлік үйлестіруші Индира Аманқосқызының айтуынша, қазір жалпы күту парағында 175 маңғыстаулық бар. Оның ішінде 165 ересек, 3 бала – бүйрек, 4 ересек, 1 бала – бауыр, 2 ересек жүрек трансплантациясына кезекте тұр.

Маңғыстау облысы