Шымкенттің екі кәсіпорны Астана қаласында өткен «Парыз-2025» республикалық конкурсының лауреаты атанды. Ол «Еврокристалл» ЖШС мен «Dala-construction.kz» ЖШС компаниялары, деп хабарлайды Egemen.kz.


Бұл кәсіпорындар өнім өндіріп, өңірлік әлеуметтік жобаларды қолға алып келеді. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Компаниялардың оңды істері қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға, әлеуметтік қорғау шараларын күшейтуге және өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Конкурстың қалалық кезеңінде Шымкент қаласынан 18 кәсіпорын қатысып, 5 номинация бойынша 19 өтінім ұсынылған-ды. Комиссия барлық үміткерді арнайы талаптар бойынша қарап, әлеуметтік жауапкершілік деңгейі, еңбек жағдайы, экологиялық талаптарды сақтау мен корпоративтік мәдениет көрсеткіштері жағынан бағалады.

Мамандар «Парыз» конкурсы жергілікті кәсіпорындардың бизнестегі әлеуметтік жауапкершілігін күшейтетінін, алдағы уақытта әлеуметтік жобаларға белсенді қатысуына серпін беретінін мәлімдеді.

ШЫМКЕНТ